Тележурналист Дана Нұржігіт «КЕШREC» бағдарламасында «Хабар» телеарнасындағы еңбек жолын есіне түсіріп, көзіне жас алды.
Ол «Хабарға» келген кезде 8 ай штаттан тыс жұмыс істегенін, анасы басқа салаға кетуге үгіттегенін атап өтті.
«Бір тиын ақша алмадым. Осы жердің еденін жууға даяр болдым. Барып кел, шауып келге ғана лайық бала едім. Үлкен кісілердің қолына су құйып өстім. Қай жұмысқа жексе де абыроймен атқаруға тырыстым. Әкімші де, ассистент те болдым. Менің жұмысқа келгенде кірпияздығым жоқ. Сол еңбекқорлығыма өзім дән ризамын. Ал анам «таңертең кетесің, тілің салақтап түнде келесің. Ол жерде сені кім күтіп отыр? Танысымыз да жоқ, телевизияда ешкіміміз жоқ, сен ол жақтан не іздеп жүрсің? Консерваторияны бітірдің, қолыңдағы дипломмен неге мұғалім болмайсың?» деп үнемі ренжитін. Бірақ сегіз айдан кейін алғашқы 12 мың жалақымды алып, анама әдемі кардиган сатып алып бердім», — деген тележурналистің көңілі босап кетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің өмірін мысалға келтіре отырып, елуден асқан әйелдер қауымына ақыл-кеңесін айтқан болатын.
«Миыңды әдемілікті көруге, жақсы сөз айтып, жақсылықты ғана көруге үйрет! Жамандық онсыз да жетіп жатыр! Одан да өзіңді орныңнан тұрғызатын, өмірді сүюге талпындыратын сөзбен қуаттандыр! Ал, қайта баста, кәнеки!», — деп Дана Нұржігіт әйелдерді жігерлендірді.
Ол он жылда көп нәрсе жасағанын, түрлі жобаларды жүзеге асырып, мемлекеттік қызметте болғанын атап өтті.
«Баламды өсірдім, әкесімен жүздестірдім, сотта жеңіске жеттім, сынақтан өттім, өзімді өзім қолға алып, спортқа бет бұрдым, YouTube арна аштым, өз шеберханамды жүргіземін, кітап жазып жатырмын…тағы не? А! Кеше өмірімде бірінші рет үстіме тырысқан спорт киім киіп видео жаздым, ол да бар айтпақшы! Ас, ұйқы дегенде де, адамдармен қарым-қатынаста да сапаны таңдайтын болдым», — деп толықтырды ол.
Журналист басқаның сөзімен емес, өзінің жолынан таймай, еңсесі түспейтіндей өмір сүріп жатқанын баса айтты.
«Формаға емес, мазмұнға мән бер! Мәңгіліктің өлшемінде бәрі тозаң. Дәл қазіргі сәттен ләззат тауып үйрен, құрбым! Батыл бол! Бақытты бол!», — деп түйіндеді Дана Нұржігіт.
