Балаларды жиі суық тиюі, тез шаршау және оқу үлгерімінің төмендеуі олардың дәрумендерге зәру екенін көрсетуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мамандардың айтуынша, ата-аналар алдымен баланың мінез-құлқы мен көңіл күйіндегі өзгерістерге назар аударуы керек.
«Бұрын белсенді оқушының кенеттен сабаққа деген қызығушылығы төмендеп, тез шаршауы және ештеңеге зауқы соқпауы жай ғана еріншектік емес, ағзаның әлсіреу белгісі болуы мүмкін», – дейді диетолог дәрігер Анна Басова.
Дәрігердің айтуынша, дәрумен тапшылығының сыртқы белгілері де бар:
- тері құрғап, шаш пен тырнақ сынғыш болса, бұл ағзада темірдің аздығын білдіруі мүмкін;
- жиі тұмаурату мен суық тию иммунитеттің әлсірегенін, яғни микроэлементтердің жетіспеушілігін көрсетеді.
Дәрігер ата-аналарға баланың жағдайын үнемі қадағалап, алдын алу шараларын жасауды ұсынады. Мұның үшін жылына екі рет жалпы қан талдауын өтіп, педиатрдан кеңес алу жеткілікті.
«Дәрумен жетіспеушілігінің басты белгілері – жалқаулық емес, ұзаққа созылған шаршау, оқу мен ойынға қызығушылықтың жоғалуы және сыртқы келбеттің өзгеруі. Мұндай жағдайда өз бетімен емделмей, маманға жүгінген дұрыс», – деп кеңес береді дәрігер.