Былтыр Қазақстанда 145 мың машина құрастырылған. Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
Бұл туралы бүгін телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Президент өз сөзінде мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін атап өтті.
«Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасып келеді. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы еліміз 145 мыңнан астам көлік шығарды», — деді Тоқаев Ақордада.
Президенттің айтуынша, Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларындағы автокөлік кәсіпорындарында он мыңнан астам азамат жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы – жастар.