STEPPENEWS.KZ: Ақмола облысында Бурабай курорттық аймағында демалысқа орын брондауға қатысты алаяқтық дерегі тергеліп жатыр.
Полиция мәліметінше, алаяқтың құрбаны Көкшетау қаласының 63 жастағы тұрғыны болған. Ақпан айының басында оған өзін Бурабайдағы қонақүйлердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, «тиімді бағада» демалыс орнын брондауды ұсынған. Төлемді мобильді қосымша арқылы аударуды сұраған.
Ер адам ұсынысқа келісіп, үшінші тұлғаның нөміріне 600 мың теңгеден астам қаржы жіберген. Алайда ақша түскеннен кейін «қонақүй қызметкері» байланысқа шықпай қойған, ал брондау расталмаған.
6 наурыз күні жәбірленуші полицияға жүгінген.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті ретінде Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны анықталған. Ол өз кінәсін мойындаған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция өкілдері туристік маусым жақындаған сайын демалыс орындарын брондауға байланысты алаяқтық деректері көбейетінін ескертеді. Азаматтарға сапарды тек ресми сайттар мен сенімді сервистер арқылы рәсімдеп, бейтаныс адамдардың жеке шоттарына ақша аудармауға және қонақүйлер мен турфирмалар туралы ақпаратты мұқият тексеруге кеңес берілді.

