STEPPENEWS.KZ: Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы бүгін Қызылорда қаласында өтуде. Жиынға оның төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысады. Мемлекет басшысы құрылтайдың өтетін күнін осыдан бір апта бұрын белгілеген болатын.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы құрылтайда ел үшін маңызды бірқатар саяси мәселелер қаралуы мүмкін. Атап айтқанда, Конституцияға кезекті мәрте енгізілетін өзгерістердің мазмұны және жалпыұлттық референдумның нақты күні осы жиында айқындалуы ықтимал. Әсіресе, парламенттік жүйені реформалау тақырыбы басты назарда болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстанның қос палаталы парламентін бір палаталы жүйеге көшіру мәселесі алдағы Ұлттық құрылтайда талқыланатынын мәлімдеген еді. Президенттің айтуынша, бұл түбегейлі өзгеріс бойынша соңғы шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады.
«Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Бұл тақырып ашық та, жабық та форматта талқыланып жүр. Мемлекеттік жүйенің дамуы мен азаматтардың саяси мәдениетінің өсуін ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды», – деген болатын Мемлекет басшысы былтыр күзде парламент мінберінен жариялаған жыл сайынғы Жолдауында.
Ұлттық құрылтай – қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңы. Бұл институт 2022 жылы Ұлытауда алғаш рет өткізілді. Кейінгі жылдары құрылтай Түркістанда (2023), Атырауда (2024) және Бурабайда өтті. Әр отырыста елдің әлеуметтік, саяси және рухани дамуына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп келеді.
Биыл Қызылордада өтетін бесінші отырыс та елдің саяси жаңғыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Құрылтайда қабылданатын ұсыныстар мен айтылатын бастамалар Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне елеулі ықпал етуі мүмкін.

