STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, еліміздің жоғары білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Бейжің тіл және мәдениет университетінің президенті Дуань Пэн ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумы аясында Дуань Пэнді қабылдаған болатын. Кездесу барысында Президент университеттің Астанадағы филиалының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсететін нақты нәтиже екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл бастама гуманитарлық байланыстарды нығайтып, екі ел арасында зияткерлік көпір қалыптастыруға ықпал етіп отырғаны айтылды.

Қазіргі таңда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мен стратегиялық серіктестіктерінен тұратын кең ауқымды желі қалыптасуда. Бұл оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының шамамен 85 пайызы жасанды интеллект, компьютерлік инженерия, киберқауіпсіздік, жаратылыстану және техникалық ғылымдар, ядролық физика секілді жоғары сұранысқа ие бағыттарды қамтиды. Осы ретте жасанды интеллект технологияларын дамыту, ғылыми-білім беру саласындағы өзара әріптестікті кеңейту және білікті қытайтанушы-лингвистерді даярлау маңызды басымдық ретінде айқындалды.
Астана халықаралық университеті базасында Орталық Азиядағы қытай тілдік білім берудің алғашқы орталығы саналатын Бейжің тіл және мәдениет университетінің (BLCU) филиалының ашылуы Қазақстан–Қытай білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең болды. Бұл жоба филиал қызметінің табысты жүзеге асырылып жатқанын нақты дәлелдеп отыр.

