STEPPENEWS.KZ: 27 желтоқсанда Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды экологиялық тұрғыда өңдеп, электр энергиясын өндіретін Орталық Азиядағы алғашқы зауыт пайдалануға берілді. Жобаны «Цзюньсинь» акционерлік компаниясы жүзеге асырды.
Салтанатты рәсімге Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, үкімет мүшелері, Бішкек қаласының әкімдігі мен парламент өкілдері, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының елшілігі мен инвестор компания басшылығы қатысты.

Жоба тәулігіне 3 000 тоннаға дейін қалдық өңдеуге қауқарлы. Оның алғашқы кезеңі тәулігіне 1 000 тонна қоқысты кәдеге жаратуға есептелген. Зауыт жылына шамамен 146 млн кВт·сағат «жасыл» электр энергиясын өндіреді. Атмосфераға тарайтын қалдық газдар Еуропалық одақтың экологиялық талаптарына толық сай. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың тамызында басталып, 2025 жылдың желтоқсанында, яғни 16 ай ішінде аяқталды.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Садыр Жапаров компания директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогоға халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және елорда экологиясын жақсартуға қосқан үлесі үшін Қырғыз Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы — «Достук» орденін табыстады.
Президенттің айтуынша, бұл жоба Бішкек қаласындағы көп жылдан бері шешілмей келген қоқыс мәселесін жүйелі түрде реттеуге, қаланы экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етуге және жыл сайын көмірқышқыл газының шығарындыларын шамамен 100 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, зауыт шамамен 100 жаңа жұмыс орнын ашып, Қырғызстанның өзге қалаларында және Орталық Азия елдерінде осындай жобаларды іске асыруға үлгі болмақ.

