STEPPENEWS.KZ: Алматыда жаңа жыл мерекесі қарсаңында дәстүрлі отбасылық марафон ұйымдастырылды. Almaty Arena аумағында өткен бұқаралық спорттық шара «Бір мақсат. Бір бағыт» ұранымен өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарын бір арнаға тоғыстырды.
Іс-шара Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, BI Group, Bazis-A және Sensata Group компаниялары демеушілік жасады. Көрсетілген қолдаудың арқасында марафонға қатысу баршаға қолжетімді болды.

Марафон бағдарламасы балалар мен ересектерге арналған түрлі интерактивті алаңдармен толықты. Жарысты сәтті аяқтаған барлық қатысушыға естелік медаль табысталды. Ал ерекше образбен көзге түскен жүгіргіштер «Ең үздік костюм» аталымы бойынша арнайы жүлдеге ие болды.
Қатысушылар символикалық мәнге ие 2026 метр қашықтықты жүгіріп өтті. Бұл жаңа жылды белсенді әрі көтеріңкі көңіл күймен қарсы алудың белгісі ретінде таңдалған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафонға 1500 адамға арналған орын қарастырылып, олардың басым бөлігі алдын ала тіркелген.
Алатау ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып, спорттық инфрақұрылымы қалыптасқан өңір ретінде танылып келеді. Мұндай бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алу дәстүрін нығайта түсуде.

Марафон барысында инклюзивтілік қағидатына ерекше назар аударылды. Жарысқа Алатау ауданындағы ерекше қажеттілігі бар балалар, Meiirim оңалту орталығының тәрбиеленушілері, сондай-ақ Астанадан келген «Жанасу – Прикосновение» қорының өкілдері қатысты.
Марафонға қатысқан Баян Тұрсынбаеваның айтуынша, мұндай шаралар отбасылық бірлікті нығайта түседі.
«Біз жарысқа үндістердің ұлттық киіміне ұқсас костюммен келдік. Ауа райы салқын болса да, көңіл күйіміз өте жақсы болды. Костюмдерді бір ай бойы өз қолымызбен дайындадық. Осындай отбасылық іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен», – деді ол.
«Бір мақсат. Бір бағыт» ұранымен өткен марафон алматылықтар үшін спорт пен мерекелік көңіл күйді үйлестірген жарқын әрі есте қаларлық оқиғаға айналды.

