STEPPENEWS.KZ: Батыс Қазақстан облысының Подстепное ауылында жолаушылар автобусы мен мектеп автобусы соқтығысты. 31 наурыз күні сағат 14:00 шамасында орын алған қайғылы оқиға салдарынан бірнеше адам, соның ішінде мектеп оқушылары зардап шекті.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Самара – Шымкент» республикалық тасжолымен келе жатқан бағыттық автобус мектеп автобусына соғылған. Соққының пәрмені сондай, мектеп көлігі инерциямен алдында тұрған жеңіл автокөлікке барып соғылған. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел жәрдем бригадалары барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетті. Бақытқа орай, қаза тапқандар жоқ.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жол апатына себепкер болған бағыттық автобустың жүргізушісі бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеп, апаттың нақты мән-жайын анықтауда. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға және мектеп автобустарына ерекше назар аударуға шақырады.

