STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіруді және оларды аккредиттеуге қойылатын талаптарды айқындауды көздейтін Заң жобасын әзірледі.
Жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу балалар мен жасөспірімдер спортының материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, жаңа жүйе бойынша бір спортшыға жылына орта есеппен 415 мың теңге қарастырылады. Ал қазіргі сметалық қаржыландыру жағдайында бұл көрсеткіш орта есеппен 233 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Туризм және спорт министрлігі сметалық қаржыландыру жүйесін қолданатын жалғыз мемлекеттік орган болып отыр. Осыған байланысты саланы басқару тиімділігін арттыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіне көшу жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы бөлуді талап етеді. Аталған шығындар Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен қолдау тауып, қажетті қаражат жергілікті бюджеттер есебінен қарастырылатын болады.
Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін еліміздегі барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделіп отыр.

