Қазіргі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайы. Соңғы жылдары мектеп оқушылары арасында буллинг, зорлық-зомбылық және суицид жағдайларының тіркелуі білім беру жүйесінде психологиялық қолдау қызметін күшейтуді талап етті. Осы орайда мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы құрылып, 8 мыңнан астам мектеп психологы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері орталықтар 13 544 балаға және 9745 ата-анаға консультациялық көмек көрсеткен. Бұл – балалардың психологиялық саулығын қамтамасыз етуде педагог-психологтардың еңбегі зор екенін дәлелдейді.
Оқу-ағарту министрлігі педагог-психологтардың штатын арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және олардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдап жатыр. 2025 жылы 2462 педагог-психолог зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу бойынша біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, психологиялық қызмет туралы арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат психологтардың мәртебесін арттырып, олардың жұмысын нақты реттеуге мүмкіндік береді.
Мектептердегі психологиялық қызметті жүйелендіру мақсатында барлық білім беру деңгейінде Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің бірыңғай қағидалары бекітілді. 2024 жылдан бері педагог-психологтар мінез-құлқында деструктивті белгілері бар, құқықбұзушылық жасауға бейім жасөспірімдерді ерте анықтауға арналған 60 диагностикалық құралды қолдануда. Бұл тәсіл балалардың мәселесін бастапқы кезеңде анықтап, оларға уақытылы көмек көрсетуге жол ашады.
Психологиялық қызметті автоматтандыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде түрлі цифрлық платформалар енгізілуде.
Мысалы:
- НЗМ платформасы – Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, БҚО, Маңғыстау, Түркістан облыстарында;
- АСППМ HR+ платформасы – Астана, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында;
- «Жанұя» қорының платформасы – Алматы қаласы мен Алматы облысында;
- WeGlobal.ai платформасы – Түркістан мен Жамбыл облыстарында қолданылуда.
Бұл жүйелер дағдарыста жүрген балаларды уақтылы анықтауға және педагог-психологтарға нақты талдау жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу мақсатында 100 медиативтік мектеп жобасы іске қосылып, 20 мыңнан астам жанжалды жағдай медиация арқылы оң шешімін тапқан.
Бұдан бөлек, әр мектепте «111» байланыс орталығының QR-кодтары орнатылған. Балалар құқықбұзушылық, буллинг немесе зорлық-зомбылық жағдайлары туралы жедел хабарлай алады. Мәселен, былтыр 92 366 өтініштің 580-і дәл осы мәселелерге қатысты болды.
Ата-аналармен өзара іс-қимыл да ерекше назарда. Ел бойынша Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Қорытындылай келе, мектептегі психологтар – балалардың ішкі жан дүниесін түсініп, олардың өмірге деген сенімін арттыратын тұлғалар. Мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі – болашақ ұрпақтың психологиялық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Суицидтің, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
