STEPPENEWS.KZ: Қазақстандық волейболшы әрі еліміздің ең танымал спортшыларының бірі Сабина Алтынбекова Orda.kz медиа-басылымына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұған басылымның спортшының жеке өмірі туралы, әсіресе оның «ажырасқан» деген отбасылық мәртебесіне баса назар аударған бірқатар жарияланымдары себеп болған.
Спортшы мұндай материалдар оның құқықтарын бұзып, беделіне нұқсан келтіретінін жеткізді. Ол БАҚ-тан ресми түрде кешірім сұрауды, сондай-ақ ақпаратты өшіруді немесе түзетуді талап етті. Талаптар орындалмаған жағдайда сотқа жүгінетінін ескертті, деп хабарлайды SteppeNews.kz тілшісі.
Конфликтінің себебі:
Алтынбекованың айтуынша, Orda.kz бірнеше материалда оның спорттық жетістіктерінен гөрі отбасылық жағдайына көбірек көңіл бөліп, оны бірнеше мәрте «ажырасқан» деп атаған. Спортшының пікірінше, мұндай тұжырым кемсітушілік сипатқа ие. Ол жеке өмірдегі маңызды детальды жағымсыз «жарлыққа» (ярлык) айналдыру оның тұлғалық қасиетін, кәсібилігін немесе спортқа қосқан үлесін көрсетпейді деп есептейді.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп атап өтті:
«Бір ғана сөзді қалайша жарлыққа айналдыруға тырысатынын бақылау қызық екен. «Ажырасқан». Спортшы емес. Әйел емес. Тұлға емес. Дәл осы — «ажырасқан» деген сөз. Бірақ ажырасу — таңба емес. Бұл — өмірлік кезең. Мен — әйелмін. Мен — анамын. Мен — кәсіби маманмын. Және менің мәртебем менің құндылығымды анықтамайды. Қазақстан әйелдері өзгенің сценарийімен өмір сүруге міндетті емес. Біз өз өмірімізді таңдауға құқылымыз. Ешқандай жарлықсыз, қысымсыз және жеккөрушіліксіз!»
Сабина Алтынбекованың талаптары қандай?
Спортшы Orda.kz редакциясына ресми түрде бірқатар талаптар қойды:
-
Жарияланымдардан оның жеке өмірі туралы мәліметтерді алып тастау немесе редакциялау;
-
7 күн ішінде ресми түрде кешірім сұрау немесе теріске шығару материалын жариялау;
-
Осы талаптардың орындалғаны туралы оған жазбаша түрде хабарлау.
Егер бұл шарттар орындалмаса, Алтынбекова өз құқықтарын сот арқылы қорғап, моральдық шығын өтетінін мәлімдеді.

