Биыл алғаш рет ауылдық тірек мектептердің ұстаздары Жапонияның Хиросима қаласында өтетін World Association of Lesson Studies (WALS-2025) халықаралық конференциясына қатыспақ. Іс-шара 2025 жылдың 10–12 қарашасы аралығында өтеді.
Қазақстаннан ауқымды жиынға Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы ауыл мектептерінің 14 мұғалімі барады. Олар өз мектептерінде Lesson Study тәсілін енгізу және дамыту тәжірибесі бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынады.
Ауыл ұстаздарының халықаралық деңгейге шығуына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының жүйелі әдістемелік қолдауы мүмкіндік берді.
Аталған орталық Қазақстан атынан Lesson Study зерттеуінің дүниежүзілік қауымдастығында өкілдік етеді және бұл бағытта ел мұғалімдеріне тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
WALS конференциясы -осы тәсілді тәжірибеде қолданатын педагогтер мен зерттеушілердің басты кездесетін халықаралық алаңы. Мұнда білім беру саласының жетекші мамандары өз тәжірибесімен және зерттеу нәтижелерімен бөліседі.
Биылғы конференция бағдарламасына Қазақстаннан 249 баяндама енгізілген. Бұл көрсеткіш — қатысушы елдердің ішінде ең жоғары нәтижелердің бірі.
Өткен жылы бұл көрсеткіш 225 баяндаманы құраған еді. Бұл қазақстандық педагог-зерттеушілердің кәсіби әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан Lesson Study тәсілін енгізу ауқымы бойынша Жапониядан кейінгі екінші орында тұр.
Айта кетейік, бұл әдіс алғаш рет дәл осы Жапонияда пайда болған және бүгінде әлемдік білім беру кеңістігінде мойындалған тәжірибе ретінде қолданылады.Өткен жылы WALS конференциясы алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылған болатын. Оны NIS Педагогикалық шеберлік орталығы өткізіп, шараға 30 елден келген 500-ден астам педагог пен сарапшы қатысты.
