STEPPENEWS.KZ: Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Атырау облысындағы «Қарабатан» полигонында 21 жастағы мерзімді сарбаз оқ жарақатынан көз жұмды.
Қайғылы оқиға 12 наурыз күні Атырау гарнизонына қарасты әскери бөлімде жоспарлы дала атыстары кезінде болған. Сарбаз оқ тиіп жараланған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қарумен абайсыз жұмыс істеудің салдарынан болуы мүмкін. Жараланған сарбаз бірден медициналық мекемеге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді.

