Қытайдан Қазақстанға атпен жолға шыққан қандастар Астанаға жетті. Саяхатшылар — Қуанбек Түсіпханұлы мен жұбайы Жайна Еркінқызы 21 қазанда сапарын бастаған. Олар қазақтың бас қаласын көруді мақсат тұтқан.
Екі айдан астам уақыт бойы мыңдаған шақырым жол жүріп келген ерлі-зайыптыны бүгін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
«Қуанбек пен Жайнаның бұл сапары – отансүйгіштік пен рухани байланыстың ерекше үлгісі. Ата-баба ізімен ат жалында жүріп, Елордаға жету — үлкен ерлік. Біз мұндай азаматтарды әрдайым қолдаймыз. Бұл сапар – Республика күні қарсаңында көңіл толқытқан ерекше оқиға болды», – дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Кездесу барысында партия өкілдері саяхатшыларға Астана қаласының дамуы мен елдегі жаңалықтар туралы айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.
«Біздің армандаған Астанамыз – дәл осындай еңселі, көркейген, рухы биік қала екен. Ата жұртқа, қазақ еліне деген сағыныш пен құрмет – бізді жол бойғы қиындықтарға мойытқан жоқ. Ең бастысы – туған елдің топырағына табан тигізіп, жүрекпен сезіну», – деп ағынан жарылды Қуанбек Түсіпханұлы.
Жайна Еркінқызы да Елорда тұрғындарына көрсеткен құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 2025 жылдың 8 тамызында Қытай Халық Республикасынан, нақтырақ айтқанда Тарбағатай аймағынан аттанып, екі айдан астам уақыт ішінде бірнеше өңірді артқа тастап, Елордаға жеткен. Бұл – қазақтың көшпелі мәдениетін жаңғыртып, ұлттық рухты дәріптеудің ерекше бір жолы.