STEPPENEWS.KZ: Қазақстан заңгерлер одағы ел Конституциясына дін мен мемлекеттік басқару жүйесін бір-бірінен нақты бөлуге қатысты толықтыру енгізуді бастама етті. Ұйым төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, қазіргі Ата заңдағы «зайырлылық» қағидасының анықтамасы жеткіліксіз, бұл заң нормаларын әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл бастама діни бірлестіктер мен мемлекеттік биліктің өзара қарым-қатынас шекарасын құқықтық тұрғыдан бекемдеуді көздейді. Осы орайда Серік Ақылбай мәселенің мәнін былай деп түсіндірді:
«Дінді мемлекеттен бөлу діни бірлестіктердің жария билік қызметіне араласу шегін және керісінше, мемлекеттің діни салаға қатысу шегін анықтайды» деп атап өтті Серік Ақылбай.
Заңгер бұл қадамның ар-ождан бостандығына ешқандай қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті. Керісінше, бұл өзгеріс азаматтардың сенім еркіндігін бұзбай, оны қорғайтын нақты заңдық кепілдікке айналмақ. Осылайша, Конституциядағы жаңа түзетулер мемлекеттің зайырлылық ұстанымын одан ары нығайтуы тиіс.

