Астанада жоспарланған терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтіп жатыр. Бұл туралы елорданың терроризмге қарсы күрес штабы мәлімдеді.
Хабарламада оқу-жаттығу таңғы сағат 7:00-ден 11:00-ге дейін «Барыс Арена» мұз айдынында өтетіні айтылған.
«Көпфункционалды «Барыс Арена» мұз айдынында (Тұран даңғылы, 57) жоспарланған терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді. Іс-шараның мақсаты – құқық қорғау органдары мен арнайы күштердің лаңкестік оқиғаларға шұғыл ден қою тапсырмаларын орындауға дайындығын тексеру», — деп хабарлады штаб.
Осыған байланысты жаттығу өтіп жатқан аумақта жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
«Біз азаматтарды өткізіліп жатқан оқу іс-шараларына түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, тиісті мемлекеттік қызметкерлердің нұсқауын орындауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және халық арасында жалған ақпарат таратпауға шақырамыз», — деп атап өтті Астананың терроризмге қарсы күрес штаб.