STEPPENEWS.KZ: 19 желтоқсан күні Астананың алты ауданында жаңа жылдық шыршалардың шамын жағу рәсімі өтеді. Бұған дейін мерекелік бағдарлама аясында дрон-шоу ұйымдастыру жоспарланған. Алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты шоу кейінге қалдырылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мұндай шешім мамандардың ұсынысы негізінде қабылданған. «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, ал желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдардың сақталуы үшін дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылған.
Сонымен қатар, қалған мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес өтеді. Биыл елордадағы жаңа жылдық бағдарлама «Ертегі Fest» атауымен бірыңғай ертегілік стильде ұйымдастырылып отыр.
Астананың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық мерекелік алаңдарда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және басқа да ойын-сауық орындары жұмыс істейді.
Негізгі алаңдардағы концерттік бағдарламалар сағат 17:30-да басталады.

