Республика күні қарсаңында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармашылық және зерттеу еңбектерінен құралған құнды мұралары Ұлттық архивке ресми түрде табыс етілді. Бұл игі бастаманы «Егемен Қазақстан» газеті жүзеге асырды.
Архив қорына жазушының әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы зерттеу жазбалары, «Бесеудің хаты» атты драмалық шығармасы және басқа да әдеби мұралары, сондай-ақ бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттері, жеке хаттары мен қойын дәптерлері тапсырылды.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, жазушының туыстары, әдебиеттанушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабек бұл күннің мәдени және рухани маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгінгі мәдени шара – халқымыздың мұраға, рухани қазынаға деген құрметі мен көзқарасының айқын көрінісі. Жуалыдан жеткен Шерхан Мұртазаның еңбектері «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бойы сақталған. Бұл мұралар алты мың парақтан асады. Біз бүгін сол бай қазынаны ұлтпен бірге жасасқан Ұлттық архивке табыстап отырмыз», – деді ол.
Дихан Қамзабек жазушының еңбегі халыққа, зерттеушілерге қолжетімді болуы тиіс екенін айтады.
«Шерағаңның жазбалары ғалымдар мен зерттеушілердің ой өрісін кеңейтуге, жаңа зерттеу бағыттарын ашуға түрткі болмақ. Бүгінгі таңда заман өзгерді, мүмкіндіктер көбейді. Енді архив қорларындағы мұраларды жаңа форматта танытуға жол ашық. Медиа мен цифрлық технологиялар арқылы Шерағаңның мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік бар. Сол арқылы Ұлттық архив те заман талабына сай жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін», — деді ол.

Жиында сөз алған Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Шерхан Мұртазаның ел руханияты мен тәуелсіздік идеясын қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
«Бүгін біз екі маңызды оқиғаны атап өтіп отырмыз: бірі – Республика күні, екіншісі – халқымыздың рухани мұрасын байытқан Шерағаңның еңбектерін архивке табыстау шарасы. «Егемен Қазақстан» газетінің Шерхан Мұртазаның құнды мұраларын Ұлттық архивке табыстауы терең символдық мәні бар оқиға. Газеттің атауына «Егемен» деген сөзді алғаш ұсынған да өзі еді. Біз кезінде арнайы жұмыс тобы арқылы Президент архивінен 1990 жылғы маусым айындағы құжаттарды тауып, Шерағаңның «Азат» атауын «Егемен» сөзімен алмастыруды ұсынған сәтін дәлелдейтін стенограмманы анықтағанбыз. Ол құжатта орталық комитеттің мүшелері бекіткен шешім де бар. Демек, «егемен» сөзі Шерхан ағамыздың тілімізге, ел санасына сіңірген үлкен рухани аманаты», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, жазушының шығармашылық мұрасын жинақтау ісі «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына дайындық кезінде басталған.
«Жуалыдағы үйінен алынған қолжазбалар мен құжаттар бүгінде толық жүйеленіп, архивке тапсырылды. Бұл жұмысқа Ержұман Смайыл, Бекет Момынқұлов, Хамид Исламжан, Оралхан ағалар және өзге де әріптестер атсалысты. Нәтижесінде алты мың парақтан тұратын үлкен мұра қалыптасты», — деді Дархан Қыдырәлі.
Шара соңында Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова мен «Егемен Қазақстан» газеті басшысы Дихан Қамзабек өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды.
