Астанада оқушылар арасында өткен «Қола домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
Бас жүлдеге арнайы дайындалған «Қола домбыраны» Жамбыл облысынан келген жас талант Інжу Жаңабай жеңіп алды.
Бірінші орын Қостанай облысының тумасы Нұрислам Рагатқа бұйырды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы айтыстың ерекшелігін түсіндірді.
«Бүгінгі айтыс оқушылар арасында өткен сайыс. «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» құрылтай жиынында айтысты үш деңгейде өткізуді ұйғарғанбыз: жоғары деңгей – Алтын домбыра, орта деңгей – Күміс домбыра, төменгі деңгей – Қола домбыра, яғни мектеп оқушылары арасындағы дода. Бұл бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып отырмыз», – деді ол.
Биылғы айтыс «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбымен өтті. Сонымен бірге «Еңбек адамы – елдің тірегі» мен «Цифрландыру мен білім: жаңа дәуірдің талабы» секілді өзекті бағыттар қамтылған.
«Бұл тақырыптар — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында көтерілген өзекті мәселелермен үндес. Біздің мақсатымыз да осы идеяларды жастар мен оқушылар арасында насихаттап, айтыс арқылы заманауи ойлау мен көркем сөзге сүйіспеншілікті қалыптастыру», – деді ол.
Биылғы додаға елдің 20 өңірінен іріктелген 20 жас ақын қатысты. Екінші кезеңге сегіз ақын өтіп, ақтық сынға төртеуі жолдама алған.
«Жастардың талабы жоғары. Әрине, бала болған соң кейбір кемшіліктер бар, бірақ біз оған көз жұма қараймыз, өйткені олар осылай өседі, шыңдалады. Қазір ел таныған «Алтын домбыра» иегерлері де кезінде дәл осылай, мектеп қабырғасында жүріп айтысқа қадам басқан», – деді Серікзат Дүйсенғазы.

Ол сондай-ақ алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, өңірлердегі өнер мектептерінде айтыс сыныптарын ашу және балаларды кәсіби деңгейде оқыту ісін жолға қою жоспарланып отырғанын айтты.
Айтыскерлердің шеберлігіне айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт; танымал айтыскер ақындар: Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев сөз өнерінің сарапшыларынан жиналған беделді қазылар алқасы баға берді.
«Бүгінгі шараның маңызы өте зор. Шараның тақырыбы «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» деп аталуы да бекер емес. Қазіргі жасанды интеллект пен жаһандану заманында негізгі идеологиялық мақсатымыз – қазақилықты сақтап қалу. Айтыс өнері келешекте жойылып кетпес үшін қолдау көрсете отырып, төл өнерді жасарту өте маңызды. Биыл айтулы шара екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытта жалғасын тауып, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр», – деді Ринат Зайыт.
Бас жүлде иегері Інжу Жаңабай да өз әсерін жеткізді.
«Өте қуаныштымын. Қоланы алсам деген мақсатым болды, бірақ шын мәнінде жеңемін деп ойлаған жоқпын. Қазылар алқасы әділ бағалады деп есептеймін. Екінші күн мен үшін қиын болды, қарсыластарым мықты. Айтыс өте шынайы өтті. Төртінші сыныптан бастап қалалық айтыстарға қатысып жүрмін, ал тоғызыншы сыныптан бері республикалық деңгейде өнер көрсетіп келемін», – деді ол.
Оқушылар арасындағы айтысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» корпоративтік қоры және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» бірлесіп, екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр.
10–18 жас аралығындағы дарынды оқушылар сөз өнерінде бағын сынап, суырыпсалма ақындықтың құдіретін паш етті.
Айтыскерлердің өнерін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Ринат Зайытов, сондай-ақ белгілі айтыскерлер Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев бастаған беделді қазылар алқасы бағалады.
Айта кетсек, айтыстың өңірлік іріктеу кезеңдері 1–17 қазан аралығында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» филиалдары арқылы өткен.

