Астанада сот ғимаратының алдындағы пандуста оқыс оқиға орын алды: арбаға таңылған әйел арнайы пандус арқылы ғимаратқа кірмек болғанда, трос үзіліп, әйел адам арбасымен бірге құлады.
«Патриот» Telegram-арнасының хабарлауынша, оқиға орнына жедел жәрдем келді және зардап шеккен әйелдің ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.
Дереккөзге сүйенсек, зардап шеккен әйелдің аты — Зилейха Сафарова. Бұрын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жұмыс істеп жүріп омыртқасын сындырып алған. Қазіргі уақытта Сафарова I топтағы мүгедек және сот арқылы бұрынғы жұмыс берушіден өтемақы талап етуде. Оқиға болған күні ол сот отырысына келген еді.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Лифт көтеріліп келе жатқан кезде трос үзіліп, соның салдарынан сот отырысына келген әйел шамамен 70–80 сантиметр биіктіктен құлап түсті. Сот приставтары дереу жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен азаматшаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әйел ауруханада, есін біледі», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Оқиға орнына «Капитал Лифт» ЖШС қызмет көрсетуші компаниясының өкілдері келген. Алдын ала деректерге сәйкес, оқыс жағдайға трос себеп болған.
«Оқиғаның нақты мән-жайын анықтау мақсатында Есіл ауданының полиция қызметкері тексеру жүргізді. Департамент бұл туралы дереу полиция органдарына хабарлама жіберді. Жағдай соттың бақылауында», – делінген ресми ақпаратта.