Астанада мүгедектігі бар шахматшыларға арналған Екінші шахмат Олимпиадасы мәресіне жетті. Оған 29 елден 34 команда қатысып, есту, көру және тірек-қимыл жүйесі бұзылған спортшылар «4+4» форматында бақ сынады.
Жеңімпаздар анықталды
ФИДЕ-1 командасы финалда IPCA құрамасын 3½:½ есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.
2023 жылғы чемпион Польша – күміс, Израиль – қола жүлде алды.
Команда капитаны Светлана Герасимова Қазақстан жайлы жылы пікір білдірді.
«Қазақстанға алғаш рет келдім. Өте заманауи қала, керемет адамдар. Осындай жоғары деңгейлі ұйымдастыру нәтижеге де әсер етті», – деді ол.
Қазақстандық командалардың нәтижесі
Қазақстан намысын үш команда қорғады:
- Қазақстан-2 – 15-орын
- Қазақстан ICCD – 18-орын
- Қазақстан-3 – 26-орын
Ұйымдастыруға жоғары баға берілді
ФИДЕ вице-президенті Дана Рейзниеце-Тобороне Қазақстан туралы пікір білдірді.
«Біз өзімізді үйдегідей сезіндік. Ойыншылар бақытты болды — олар ең үздік партияларын көрсетті. Қазақстан өте жоғары стандарт қойды», – деді ол.
Ол Қазақстан Үкіметіне, Шахмат федерациясына және Астана әкімдігіне алғыс айтты.
Неге Астана таңдалды?
ФИДЕ техникалық делегаты Акаки Яшвили Қазақстанның шахматты дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.
«Қазақстан – шахматты дамытудың әлемдік көшбасшысы. Мектептерде шахматты оқыту бағдарламасы халықаралық деңгейде үлгі болып отыр», – деді ол.
Астанада бұған дейін де ірі турнирлер – рапидтен әлем чемпионаты және халықаралық Гран-прилер табысты өткен.
