STEPPENEWS.KZ: Астаналық полицейлер қала көшелерінде қауіпті маневрлер жасап, тұрғындардың тыныштығын бұзған BMW маркалы автокөлігінің жүргізушісін жауапкершілікке тартты. 29 жастағы ер адам Жұмабаев көшесінде дрифт жасап, жол жабынына зақым келтірген және өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жүргізуші тек жол ережесін бұзып қоймай, түнгі уақытта маңайдағы үй тұрғындарының мазасын алған. Оған қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды: қауіпті жүргізу, жол қозғалысы ережелерін бұзу, көлікті пайдалану талаптарын сақтамау, сондай-ақ тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық.
Сот шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған ірі көлемде айыппұл салынды. Ал оның темір тұлпары тәрбиелік шара ретінде коммуналдық айып тұрағына жөнелтілді.
Полиция департаменті дрифт пен агрессивті жүргізу стилі қоғамға қауіпті екенін және мұндай әрекеттердің жолы қатаң түрде кесілетінін ескертеді.

