Астанада 2025 жылы жолаушылар ағынының артуына байланысты 13 жаңа қоғамдық көлік бағыты ашылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Қаладағы жолаушылар саны 1,1 миллион адамға жетті
Әкімнің айтуынша, қала халқының көбеюі мен көлік инфрақұрылымының дамуына байланысты жаңа бағыттар қажеттілікке айналған.
«Келесі жылы жолаушылар ағынының өсуіне және қаланың кеңеюіне орай 13 жаңа автобус бағытын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Bus Line жүйесін кезең-кезеңімен енгізіп келеміз. Бұл арнайы автобус жолақтары жолдағы қозғалыс уақытын 25–30% қысқартады», – деді Жеңіс Қасымбек.
Қазір Астанада 30 учаскеде жалпы ұзындығы 134 шақырымды құрайтын арнайы автобус жолағы бар. 2025 жылы бұл бағыттардың саны арта түседі.
Қоғамдық көлік жаңаруда
Жеңіс Қасымбек қоғамдық көлікті дамыту – қаланың басты басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Жыл сайын орта есеппен 300–350 жаңа автобус алынып, жаңа бағыттар ашылады. Бұл шаралар қалалық көлікті тұрғындар үшін тартымды етуге бағытталған. Мысалы, 2024 жылы тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 800 мың болса, 2025 жылы 1,1 миллион адамға жетті», – деді ол.
Қалада қазіргі таңда тоғыз автобус паркі жұмыс істейді, оның біреуі коммуналдық. Жеке автопарктер биыл өз қаржысы есебінен 122 жаңа автобус сатып алған, олардың бір бөлігі қала көшелеріне шықты.
Газбен жүретін автобустар мен жаңа инфрақұрылым
Биыл қалалық автопарктерге 300 газбен жүретін жаңа автобус жеткізу жоспарланған. Оның 134-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді.
Сонымен қатар индустриялық паркте газ толтыру станциясы іске қосылды, ал жеке автопарктер – «АБИ-Астана», «Elorda Trans» және «Жорға МТ» – жаңа автобаза салуды қолға алған.

