Астанада 26 жастағы Бибінұр Төлегенқызы алты баланы дүниеге әкеліп, «Күміс алқа» алды.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«26 жасымда «Күміс алқа» алдым. Құттықтап қойыңыздар. Бастысы балапандарым аман болсын. Жігітім екеуміз бақытты болайық», — деп жазды ол.
Ол бұл күнге дейін талай рет күйзеліске түскенін жасырмады.
«Бәріне шыдаған, кез келген еркелігімді көтере білген күйеуім Нұрболға рахмет», — деп толықтырды ол.
Айта кетері, елімізде алты бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналарға «Күміс алқа» алқасы беріледі, ал жеті не одан көп бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналар «Алтын алқа» алқасымен марапатталады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

