STEPPENEWS.KZ: Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Астана Балет» театры көрермендерді сиқырға толы ертегі қойылымдарымен қуантады деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа жылдық мерекенің сәніне айналған «Щелкунчик» балеті театр репертуарында ерекше орын алады. Сегіз жылдан бері бұл қойылым аншлагпен өтуде. Жыл сайын көрерменге 10–15 спектакль ұсынылады. Қойылымға «Астана Балет» театрының әртістерімен қатар Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері де қатысады. Жас көрермендер үшін 19, 20, 21 және 23 желтоқсан күндері балеттің ықшамдалған нұсқасы сахналанатын болады.
Бағдарламада 7, 9 және 10 қаңтарда көрсетілетін «Қар ханшайымы» балеті де бар. Ханс Кристиан Андерсеннің ертегісінен қойылған бұл спектакль достық, мейірім мен махаббатты би арқылы жеткізеді.
Қысқы қойылымдар легін 23 және 24 қаңтарда сахналанатын «Күлше қыз» балеті түйіндейді. Бұл туынды Күлше қыздың табандылығы мен өзіне деген адалдығын көрерменге паш етеді.
Барлық спектакльдер «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Оркестрді бас дирижер Арман Оразғалиев пен дирижер Элмар Бөрібаев басқарады.

