STEPPENEWS.KZ: Осы күні Қазақстан Республикасының Әскери-әуе күштері құрамына Үшарал қаласында орналасқан 01852 әскери бөлімі алғаш рет енгізіліп, оған «486-шы жеке тікұшақ полкі» атауы берілген.
Бүгінде армиялық авиация — Әскери-әуе күштерінің маңызды құрамдас бөлігі. Ол Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштеріне авиациялық қолдау көрсетіп, оқу-жаттығу, жауынгерлік және арнайы міндеттерді орындауға бағытталған кешенді операцияларды жүзеге асырады. Қарулы-жарақтар қатарында Ми-17В-5, Ми-8МТ, Ми-171Ш, Ми-172, Ми-24В, Ми-35М, EC-145, UH-1H-II және Ми-26 тікұшақтары бар.

Тікұшақтардың жоғары маневрлік қасиеттері атысқа қолдау көрсетуде, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын басуда және басқа да маңызды тапсырмаларды орындауда ерекше рөл атқарады. Олардың көмегімен әуе барлауы жүргізіледі, артиллериялық нысаналарды анықтау және атысты түзету жүзеге асырылады, сондай-ақ әуеден миналау және радиоэлектрондық күрес міндеттері шешіледі.
Армиялық авиация тікұшақтары сонымен қатар тактикалық әуе десантын және барлау-диверсиялық топтарды түсіру, жүктерді, оқ-дәрілерді, әскери техниканы тасымалдау және жаралыларды эвакуациялау үшін де кеңінен пайдаланылады. Мысалы, 2024 жылғы су тасқыны кезінде армиялық авиация жүздеген тұрғынды су басқан елді мекендерден эвакуациялады.
Армиялық авиацияның жеке құрамы тәулік бойы кезекшілік атқарып, жоспарлы да күтпеген тапсырмаларды орындауға әрдайым дайын. Ұшқыштардың жоғары кәсібилігі, жедел шешім қабылдау қабілеті және бөлімшелердің ұтқырлығы барлық міндеттерді қысқа мерзімде, уақыт пен ресурстарды тиімді пайдалана отырып шешуге мүмкіндік береді.

