Ақтөбеде 34 жастағы дәрігерге қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Ол 69 жастағы нефролог Абай Айсағалиевті өлтірді деп айыпталып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ, бірақ кешірім сұрады
Айыпталушы алқабилерге өз нұсқасын айтып берді. Ол болған оқиға үшін марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. Тергеп-сұрау екі сағаттан астам уақытқа созылды. Бұл аралықта ол өзін нашар сезінгенін айтып, екі рет үзіліс сұраған. Тіпті жедел жәрдем де шақырылған, алайда дәрігерлер оның сотқа қатысуына денсаулығы жарамды екенін анықтады.
Айыпталушының айтуынша, оның нефрологпен арақатынасы жақсы болған. Абай Айсағалиев жиі елордаға емделуге кетіп, әріптесінен пәтерін қарап жүруін өтінген. Себебі жылу батареясы жарылып, көршілеріне су кетуінен қауіптенген. Кейін көзі қатты нашарлаған соң, телефондағы деректерді планшетке көшіруін сұраған. Бірақ бұл сәтсіз аяқталып, дәрігер планшетке қосымшаларды қайта жүктегенін, алайда ешқандай банк құпия сөздерін енгізбегенін айтты. Сондай-ақ ол дәрігердің пәтерін сатып алмақ болғанын, бірақ ипотека ала алмағандықтан, мәміле жүзеге аспағанын мәлімдеді. Осы мәселе екеуінің арасындағы жанжалға себеп болған.
«Көзім қарауытып, есімнен танып қалдым»
«Ол Астанаға кеткен сайын пәтерін қарап жүруімді өтінетін. 24 мамырда барсам, есік ашылған жоқ. Кетіп бара жатқанда есік өзінен-өзі ашылды – ол үйде екен. Шай қойып, сөйлесіп отырдық», – деді айыпталушы.
Оның айтуынша, сол кезде олар пәтер сатуға қатысты сөйлескен. Ол дәрігерге ипотека берілмегенін және басқа үй сатып алғанын айтқанда, марқұм қатты ашуланған.
«Ол мені алдадың, сенімімді пайдаландың деп айыптады. Біз сөзге келіп қалдық, итеріс болды, бірақ төбелескен жоқпыз. Бір сәтте мені итеріп қалды, басым соғылып, көзім қарауытып кетті. Есімді жиғанда, оның кеудесінде пышақ тұрғанын көрдім. Қалай болғанын түсінбеймін, бәрі тұман секілді болды», – деді айыпталушы.
Ол дәрігердің құлап, қырылдай бастағанын, өзі баспалдаққа жүгіріп шыққанын, кейін не болғанын есіне түсіре алмайтынын айтты.
Марқұмның рюкзагын алып кеткен
«Есімді жұмысқа бара жатқанда жинадым. Қолымда Абай Айсағалиевтің сөмкесі болды. Ішін ашсам, планшет пен телефон бар екен. Кейін банктегі ақшасын шешіп ала аламын ба деп қызықтым. Гипермаркетке барып, бетперде киіп, біраз жүрдім де, аздаған соманы шешіп алдым», – деді ол.
Айыпталушы прокурордың «неге мүрдені байлап, тоңазытқышқа салғанын және неге оны бірнеше рет орнын ауыстырғанын» сұрағына нақты жауап бере алмады.
«Мен әдейі өлтірген жоқпын. Ол сәтте өз-өзімді бақылай алмадым. Газель шақырып, тоңазытқышты әкеткенде не істеп жүргенімді де толық түсінген жоқпын. Ақшаны жұмсаған жоқпын, полиция тәркілеп алды. Ал жұмыс орнымнан табылған әшекей бұйымдардың қайдан шыққанын білмеймін», – деді айыпталушы.
Қазіргі уақытта іс сотта қаралуын жалғастырып жатыр.