Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жағдайды бағалау және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін бүгін таңертең болған жантүршігерлік жол апаты болған жерге барды.
«Қайтыс болған жандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бұл — бәріміздің жанымызға ауыр тиген, орны толмас қаза. Қазір ауруханада зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оларға және қайтыс болған марқұмдардың отбасыларына барлық қолдау мен көмек беріледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер мен мамандар жұмыс істеп жатыр. Туыстарына психологтер көмектеседі. Жағдайды өзім бақылаймын», — дейді облыс әкімі.
Әкімдіктің дерегіне сүйенсек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ішінен жедел штаб құрылған. Қаза тапқандардың отбасы мен жараланғандардың жақындары үшін жедел желі ашылды: 8 (7132) 54-86-82.
Айта кетейік, бүгін таңертең «Самара-Шымкент» тас жолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «Газель» жолаушылар көлігі соқтығысты. Жол апатынан 12 адам қаза тапты, ал түрлі дәрежедегі жарақат алған алты адам Хромтау аудандық ауруханасында жатыр.