STEPPENEWS.KZ: Ақтөбе облысында Қазақстандағы алғашқы ірі тоқыма емес материалдар және жүн өңдеу зауыты пайдалануға берілді. «KazFeltec» ЖШС жүзеге асырған жоба аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жаңа кәсіпорын жылына 2,2 мың тонна дайын өнім өндіруге қауқарлы, ал жүн өңдеу қуаты 3,5 мың тоннаны құрайды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 5,3 млрд теңге.
Зауыт Индустрияландырудың Бірыңғай картасына енгізілген, бұл оның ұлттық экономика үшін стратегиялық маңызын айқындайды. Мемлекеттік қолдау аясында инвестициялық субсидиялар арқылы жабдық сатып алу шығындарының 30 пайызына дейін өтелген.
Кәсіпорында италиялық CORMATEX компаниясының заманауи технологиялары орнатылған. Әртүрлі сападағы жүнді қабылдау талаптары бекітіліп, іске қосу және сынақ жұмыстары толық аяқталды.
Зауыттың негізгі өнімі — табиғи қой жүнінен жасалатын тоқыма емес материалдар. Олар құрылыс саласында жылу және дыбыс оқшаулағыш ретінде, жиһаз өндірісінде, матрас пен көрпе дайындауда, интерьерлік толтырғыштарда, сондай-ақ ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланылмақ.
Атап айтқанда, қой жүнінен жасалған экологиялық таза оқшаулағыш материалдар сыртқы қабырғалар мен шатырларды оқшаулауда минералды ватаның баламасы бола алады.
Кәсіпорын келесі жылдың наурыз айынан бастап ішкі және сыртқы нарыққа арналған өнімдерді өнеркәсіптік көлемде шығаруды жоспарлап отыр.

