Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарши ауылында 13 жастағы жеткіншек мектепте соққыға жығылды. Оқиғадан кейін ол облыстық балалар ауруханасына жатқызылып, дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады.
Оқиға сабақ арасындағы үзілісте болған
Зардап шеккен баланың анасы Гаухар Мұқанованың айтуынша, оқиға сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған.
«Төрт бала балама жабылып, бірнеше рет ұрған. Денесінің әр жері көгеріп, ауыр жарақат алған. Ең сорақысы – ұлымның жыныс мүшесі қатты зақымданған. Ол маған «Анашым, мен енді мектепке бармаймын» деді. Мен ана ретінде баламның сауығып шығуын және кінәлілердің жазаланғанын талап етемін», — дейді ол.
Балаға ота жасалды
Дәрігерлердің айтуынша, оқушыға шұғыл операция жасалған. Қазір ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған, жағдайы тұрақты.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысқан балалардың жасы 12–13 аралығында. Сондықтан оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес.
«Балалардың ата-аналары бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның қарауына жіберілді», — делінген ведомство хабарламасында.
Мектепте тексеріс жүріп жатыр
Қазір білім беру мекемесінде қызметтік тексеріс басталған. Мектеп әкімшілігі оқушылардың мінез-құлқын бақылау мен тәрбие жұмысын күшейтуге уәде берді.
Зардап шеккен баланың ата-анасы кінәлілердің жазасыз қалмауын және мектеп тарапынан бақылаудың күшеюін сұрап отыр. Бұл оқиға балалар арасындағы буллинг мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

