STEPPENEWS.KZ: Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Бесқоспа ауылында 22 жастағы келіншек өгей қайын атасының өзіне зорлық көрсеткенін айтып, полицияға арызданған.
Оқиға келін мен қайын атасы бір үйде бірге тұрған кезде, күйеуі үйде болмаған сәтте болғаны хабарланды. Ресми мәліметке сәйкес, арыз құқық қорғау органдарына 29 қазан күні түскен. Жәбірленуші полицияға оқиғаны өзі баяндаған.
Полиция департаментінің мәліметінше, зорлау фактісі бойынша 53 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс аясында жан-жақты әрі бейтарап тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Белгілі болғандай, жәбірленуші келіншектің екі баласы бар. Үлкен баласы үш жаста болса, кенжесі жақында ғана қырқынан шыққан. Қазір әйелге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Күдікті — келіншектің туған қайын атасы емес. Ол — енесінің екінші некедегі жұбайы. Енесі алғашқы күйеуі қайтыс болғаннан кейін қайта тұрмыс құрған. Соған қарамастан, келін бір шаңыраққа түскеннен кейін барлығы бірге тұрған.

