STEPPENEWS.KZ: Ақтау қаласында 7 сәуір күні сағат 16:15 шамасында адам өлімімен аяқталған қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 78 жастағы әйел «Жігер» сауда орталығының жанында жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған.
Сол сәтте оны «Skoda Octavia» маркалы автокөлігі қағып кетті. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан зейнеткер оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Аталған факті бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Іс абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүру ережелерін бұзу бабы бойынша қаралуда.
Заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша кінәлі деп танылған жүргізуші 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы да қарастырылған.

