STEPPENEWS.KZ: Ақтау қаласында медициналық мекемелердің бірінде екі айлық нәрестенің шетінеп кеткені туралы ақпарат тарады. Суыт хабар құқық қорғау органдарына 4 сәуір күні сағат 11:00 шамасында түскен. Қазіргі уақытта құзырлы органдар қайғылы жағдайдың себебін анықтауға кірісті.
Полиция департаментінің мәліметінше, бастапқы тексеру жұмыстары кезінде сәбидің денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған. Дегенмен, болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, объективті және толық анықтау мақсатында кешенді тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу барысында шетінеген баланың отбасы бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарында болғаны анықталды. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторлары аталған отбасыны жүйелі түрде бақылауда ұстап келген. Баланың әкесі соңғы бір жыл ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша төрт рет жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты арнайы қорғау ұйғарымы да шығарылған болатын.
Қазіргі уақытта полиция сәби өлімінің себептерін жан-жақты зерттеп жатыр.

