Берн қаласында Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігі мен Швейцарияның Ақшаны жылыстатуға қарсы есептілік басқармасы (MROS) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат қаржы барлау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, күмәнді операциялар мен виртуалды активтерге қатысты ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Қазақстан мен Швейцария қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл және экономикалық қылмыстармен күрес саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде.
Швейцария прокуратурасымен өткен кездесуде қылмыстық активтерді іздестіру және оларды кеңейтілген тәркілеуге тарту бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Швейцарияның Федералдық полиция өкілдерімен экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл және бірлескен қаржылық тергеулердің тиімділігін арттыру бойынша тәжірибе алмасу жүргізілді. Сонымен қатар, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұдан бөлек, Швейцарияның қаржылық барлау бөлімшесімен (MROS) келіссөздер өтті. Агенттік делегациясы күмәнді операцияларды, соның ішінде виртуалды активтерді пайдалану арқылы жасалатын транзакцияларды анықтау тәжірибесімен және оларды заңсыз мақсатта қолдануға жол бермеу тетіктерімен танысты.
«Келіссөздер қорытындысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ақшаны жылыстатуға қарсы есептілік басқармасымен арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат қаржы барлау органдары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ күмәнді операциялар, оның ішінде виртуалды активтерге қатысты ақпарат алмасу саласындағы әріптестікті кеңейтуге бағытталған.
Қазақстан тарапы бұл құжатқа қол қою кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестегі серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті», – делінген хабарламада.