STEPPENEWS.KZ: АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында әлеуметтік желілердің адам психикасына әсеріне қатысты тарихи шешім шықты. Сот алқабилері Instagram мен YouTube платформаларын жай ғана ақпараттық кеңістік емес, қолданушыларды өзіне тәуелді ету үшін арнайы бағдарламаланған жүйе деп танып, ірі технологиялық компанияларды алғаш рет жауапкершілікке тартты.
Бұл атышулы іс 20 жастағы Кейли есімді бойжеткеннің шағымынан кейін басталған. Бойжеткен әлеуметтік желілердегі мінсіз бейнелер мен контенттің әсерінен өз келбетіне көңілі толмай, ауыр психологиялық күйзеліске түскенін, тіпті суицидтік ойлар мазалағанын жеткізген. Сот талапкердің уәжін негізді деп тауып, Instagram иесі – Meta және YouTube иесі – Google компанияларын кінәлі деп таныды. Енді алпауыт компаниялар зардап шеккен бойжеткенге 6 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Соттың басты тұжырымы бойынша, бұл компаниялар өз контенттерінің жасөспірімдерге тигізер зиянын алдын ала білген, бірақ оларды қорғау үшін ешқандай пәрменді шара қолданбаған. Сарапшылар бұл шешімді үлкен бетбұрыс деп бағалап отыр. Джордж Вашингтон университетінің профессоры Мэри Фрэнкс бұл жағдайды технологиялық алпауыттардың «жауапсыздық дәуірінің аяқталуы» деп атады.
Дегенмен, Meta мен Google бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр. Meta өкілдері бір ғана қосымша адамның психикалық саулығына шешуші әсер ете алмайтынын айтса, Google өз кезегінде YouTube-ты әлеуметтік желілер қатарына жатқызбайтынын алға тартуда. Соған қарамастан, бұл іс әлемдік деңгейдегі маңызды заңдық прецедентке айналып үлгерді.

