STEPPENEWS.KZ: Қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен америкалық Cove Capital инвесторлары еліміздегі вольфрам кен орындарын бірлесе игеруге уағдаласты. АҚШ инвесторлары республика аумағында құны 1,1 миллиард доллар болатын екі байыту фабрикасы мен металлургия зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы kz.kursiv.media басылымы хабарлады.
Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Cove Kaz Capital Group LLC бас директоры Доминик Хитонмен және «Тау-Кен Самұрық» басқарма төрағасы Нариман Абсаметовпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тау-кен саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Министр америкалық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға қазақстандық тараптың мүдделі екенін растады.
2025 жылдың қараша айында тараптар Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналатын Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын (жалпы қоры 410 мың тонна) игеру туралы келісімге қол қойған болатын. АҚШ инвесторы өндірістік нысандардың құрылысына 1,1 миллиард доллар бөлуге міндеттелді. Уағдаластық Вашингтонда өткен C5+1 саммиті аясында бекітілді. Reuters агенттігінің мәліметінше, құрылатын бірлескен кәсіпорында Cove Capital-дың үлесі 70%, ал «Тау-Кен Самұрық» үлесі 30% құрайды. Инвестицияның 900 миллион долларын АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі ұсынуға дайын екенін білдірді.
Жоба аясында мыңға жуық жұмыс орны ашылады және жұмысқа орналасу кезінде қазақстандық мамандарға басымдық беріледі. Келісімнің негізгі шарты ретінде шикізат пен шала өнімдерді экспорттауға тыйым салынған: барлық өнім ел ішінде терең өңдеуден өтуі тиіс. Cove Capital LLC компаниясы 2015 жылдан бері тау-кен жобаларына инвестиция салып келеді және оның АҚШ пен Аустралияда кеңселері бар. Сонымен қатар, бұл топ «Қазгеологиямен» бірлесіп Қостанай облысындағы Ақбұлақ сирек кездесетін металдар кен орнын игерумен де айналысады.

