АҚШ пен Қатар қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың жаңартылған келісімі бойынша келіссөздің соңғы сатысында тұр. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сейсенбі күні Дохаға ұшар алдында Тель-Авивте тілшілер алдында сөйлеген сөзінде айтты.
— Бізде қатарлықтармен тығыз серіктестік бар. Іс жүзінде бізде қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы кеңейтілген келісім бар, ол бойынша біз жұмыс істеп жатырмыз және ол аяқталуға жақын, — деді Рубио.
Ол Вашингтонның Қатардан Газа секторындағы атысты тоқтату келіссөзіндегі делдалдық рөлін жалғастыруын күтетінін баса айтты.
— Егер бұған көмектесетін ел болса, ол Қатар. Олардың бұған мүмкіндіктері бар, — деп қосты дипломат.
Рубионың мәлімдемесі Дохада өтіп жатқан төтенше араб-ислам саммиті тұсында жасалды. Израильдің ел астанасында ХАМАС қайраткерлеріне жасаған шабуылы аймақта кеңінен айыпталғаннан кейін форум Қатармен ынтымақтастығын білдірді.
Қатар бұл шабуылды «қорқақ және опасыз» деп сипаттады, бірақ Мысыр және АҚШ-пен делдалдық миссияны жалғастыру ниетін растады.
Ақ үй бұған дейін Дохаға қолдау көрсететініне сендірген болатын. Мамыр айындағы сапары кезінде президент Дональд Трамп егер қауіп төнсе, АҚШ Қатарды қорғайды деп уәде еткен. Израильдің шабуылынан кейін Америка әкімшілігінің басшысы Б.Нетаньяхудың әрекетіне наразылығын білдіріп, оны біржақты деп атады және Американың да, Израильдің де мүддесіне сай емес екенін алға тартты.
— Біз мұндай әрекеттердің қайталанбайтынына сенімді болғымыз келеді, — деді Трамп Нью-Йоркте Қатар премьер-министрімен кездесуінде.
Қатар Вашингтонның аймақтағы негізгі одақтасы болып қалып отыр, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери базасы осында орналасқан. Қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты тереңдету АҚШ-тың аймақтық шиеленіс пен Израильмен келіспеушілік жағдайында Доханың қауіпсіздік кепілдігін күшейту ниетінің белгісі ретінде қарастырылып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Израильдің енді Қатарға соққы жасамайтынын хабарлады.

