STEPPENEWS.KZ: АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы Вашингтонға күн сайын шамамен 1 миллиард доллар шығын әкеліп отыр. Мұндай мәлімет Конгресс мүшелері үшін өткізілген жабық брифингтен кейін белгілі болды.
Бұл туралы Atlantic басылымының журналисі Нэнси Юссеф X әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, аталған соманы оған АҚШ Конгресіндегі дереккөз хабарлаған. Бұл – қазіргі әскери операцияға жұмсалып жатқан шығындардың алдын ала бағасы.
Әскери операция 28 ақпанда басталды. Сол күні АҚШ Израильмен бірге Иран аумағына бірқатар соққы жасады. Негізгі нысандар ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусының басқару объектілері, әскери әуеайлақтар, ұшқышсыз аппараттарды ұшыру алаңдары және әуе қорғаныс жүйелері таңдалған.
Бұған жауап ретінде Иран күштері Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери базаларға соққы жасады. Шабуылдар Бахрейн, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Иорданиядағы базаларға бағытталған.

