АҚШ-тағы 43 жастағы мектеп психологі Шерил Харрис Гейтс күйеуін уламақ болды деген күдікпен сотқа тартылмақ, деп жазады Azattyq Rýhy.
Тергеу дерегінше, әйел күйеуін улауға әрекет жасап, жасанды интеллект ChatGPT-ден кеңес алған.
Тергеу материалдарына сәйкес, Гейтс чатботтан рецепттік дәрілердің қауіпті комбинацияларын және улы өсімдіктердің әсерін сұраған.
Алынған мәліметтерді ол күйеуіне арналған энергетикалық сусынға (Celsius) психоактивті заттар қосу арқылы пайдаланған. Полиция тінту кезінде күдіктіден шприцтер, қолмен жасалған бірнеше капсула, пипетка, өлшеуіш құралдар және медициналық препараттар тапқан.
Тергеу мәліметінше, шілде мен тамыз айларында жәбірленуші ер адам екі рет өзін нашар сезініп, сусыннан бөгде заттардың дәмін байқаған. Осы деректер іс бойынша негізгі айғақ ретінде тіркелген.
Шерил Харрис Гейтске адам өлтіруге әрекет ету, қудалау және мүлікті бүлдіру баптары бойынша айып тағылды.
Сот шешімімен ол кепілмен босатылмай, қамауда қалады. Күдіктіні мемлекет тағайындаған адвокат қорғайды.