Ақмола облысында медициналық қызметкерлер болып танысқан алаяқтар тұрғындарды алдап, 60 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген. Қазір екі дерек бойынша CyberPol бөлімшесі тергеу жүргізіп жатыр.
Алаяқтар вакцинация сылтауымен ақша алған
Тергеу дерегінше, Көкшетау қаласының 64 жастағы тұрғынына өзін орталық емхананың қызметкеріміз деп таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласқан. Олар тұрғынды вакцинацияға кезекке қою желеуімен SMS-кодты айтуын сұраған.
Кейін банк шотыңыз бұзылды деп сендіріп, ер адамды өз шотынан 9,7 миллион теңге аударуға итермелеген.
Щучинск тұрғыны 55 миллион теңгесінен айырылды
Екінші жағдай Щучинск қаласында тіркелген. Мұнда да қылмыскерлер медициналық қызметкерлердің атынан хабарласып, тұрғынды тексеруден өтуге көндірген.
Кейін өздерін мемлекеттік орган өкілдеріміз деп таныстырып, оның атынан қауіпсіз шоттарға 55 миллион теңге аудартқан.
Полиция тұрғындарға ескерту жасады
Құқық қорғаушылар екі факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полиция азаматтарға сақ болуды ескертеді:
- SMS-кодтар мен банк картасының реквизиттерін бөтен адамдарға ешқашан бермеу керек;
- Егер қоңырау шалғандар өздерін мемлекеттік не медициналық мекеме өкілі ретінде таныстырса – ақпаратты нақты мекемеден қайта тексеру қажет.
«Алаяқтар көбіне адамдардың сенімін пайдаланады. Сондықтан жеке деректер мен банк шоттарына қатысты мәліметті ешкімге айтпаңыздар», – делінген полиция хабарламасында.