Ақмола облысында полиция есірткі шегіп алған такси жүргізушісін ұстады.
Қостанайға бет алған Toyota Alphard автокөлігін полиция Екатеринбург – Алматы жолының 1006 шақырымында тоқтатты.
Көлікті рұқсатсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысқан 2002 жылы туған жігіт жүргізіп бара жатқан.
Салонда үш жолаушы болған, оның екеуі жүргізушінің туысы болып шықты. Астанадан Қостанайға баратын клиентінен 15 мың теңге алған.
«Тексеріс кезінде полицейлер жүргізушінің есірткі тұтынғанын байқаған. Медициналық тексеріс бұл фактіні растады», — деп жазылған хабарламада.
Жүргізушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы, 1-бөлімі (Есірткіге мас күйінде көлік басқару), 463-бабы, 1-бөлімі (Рұқсатсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Көлік айып тұрағына қойылды.
Полиция есірткіге мас кезде көлік басқару және заңсыз такси қызметімен айналысу жол қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертті.
