Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға атпен жолға шыққан Қуатбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы аман-есен Астана қаласына жетті. Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында ерлі-зайыптылармен кездесу өтті, партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар бұл сапарды қазақтың көшпелі болмысын, ұлттық бірегейлігін паш еткен ерекше бастама ретінде бағалады.
Өз сөзінде Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бұл сапардың екі ел арасын жалғаған алтын көпірге айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, партия алдағы уақытта да осындай достық пен бауырластықты бекемдей түсетін бастамаларды қолдауға дайын.
«Қуатбек пен Жайна сапарының ерекшелігі – олардың 74 күнде 2500 шақырымдық жолды ат үстінде жүріп келуінде. Мұндай жолды еңсеру әркімнің қолынан келе бермейді. Осылайша Қытайдағы бауырларымыз үлкен ерлік жасап, атажұртқа келді. Бұл сапар – Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара сенімге негізделген қарым-қатынасының арқасында екі ел арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясының ынтымақтастығы да нығая түсті. Сондықтан да біз екі елдің арасын дәнекерлейтін осындай игі бастамаларды әрқашан қолдаймыз», — деді ол.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қызығы мен машақаты қатар жүрген бұл сапардың рухани маңызын атап өтіп, әлемнің әр түкпіріндегі қазақтар тәуелсіз Қазақстанда бас қосып, ұлттық бірлігімізді нығайта берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Кездесу барысында Қуатбек пен Жайнаның Қытайдан Қазақстанға дейінгі сапарының арнайы бейнесюжеті көрсетілді. Видео арқылы қатысушылар ат үстіндегі күндердегі қиындықтарды, дала мен тау беткейлерін, сондай-ақ жұптың бірін-бірі қолдаған сәттерін тамашалады. Бұл бейне олардың физикалық төзімділігімен қатар, рухани беріктігін де көрсетті.
Кешегі бабалар жүріп өткен жолмен, ұлттық киім киіп, тұлпар мінген жас жұбайлар ел есіне батыр бабалардың ерлігін, көшпенді қазақтың кең пейіл болмысын салды. Бұл сапар – ұлттың тамыры тереңде жатқан рухын оятқан оқиға болды. Саяхатшылар ұзақ жолдағы қиындықты елдің ыстық ықыласы мен мейірімі жеңілдеткенін айтады. Жолай әр өңірдің тұрғындары көмек көрсетіп, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды ұсынған.
«Ат үстінде өткізген әр күн – рухани сынақ әрі қазақы дәстүрді дәріптеудің мектебі болды. Жол бойы қонақжайлық танытқан елге алғыс айтамын», – деді Қуатбек Түсіпханұлы.
Жайна Еркінқызының айтуынша, бұл саяхат – ұлт рухын көтеру, ата-баба жолын ұлықтау және жылқыны қолға үйреткен қазақтың дара мәдениетін дәріптеу жолындағы бірегей сапар.
«Сапарға шығу – бір сәттік шешім емес, көп жылдық арманымыз еді. Қазақтың рухын ат үстінде сезінгіміз келді. Әр атылған таң – ұлттық санаға тағзым. Басты мақсатымыз – Астананың төріне жетіп, ата-бабамыздың ізі қалған Арқаның жеріне тағзым ету болды», – деді ол.
Сонымен қатар жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері өз ойын ортаға салып, Қуатбек пен Жайнаға ізгі тілектерін жолдады.
«AMANAT» партиясы рухани және мәдени құндылықтарды жаңғырту бағытындағы бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Мәселен, партия халықаралық «Ұлы дала жорығы» жобасын іске асырып, көшпенділер мұрасын дәріптеу ісіне атсалысуда. Сондай-ақ Мәжілістегі партия фракциясы әзірлеген жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі арнайы заң қабылданды.

 
