STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласының Алатау ауданында тұрғындардың серуендеуіне және демалуына арналған жаңа қоғамдық кеңістік қолданысқа берілді. Қысқа уақыт ішінде жергілікті халықтың қызығушылығына ие болған нысан Үлкен Алматы өзенінің бойында, Рысқұлов пен Райымбек даңғылдарының аралығында орналасқан. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілдері мәлімдеді.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында аумақ кешенді түрде абаттандырылып, тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Мұнда шағын сәулеттік пішіндер мен сыртқы жарықтандыру бағаналары орнатылып, бірлік пен үйлесімділікті бейнелейтін «Шаңырақ» арт-нысаны жаңғыртылды. Сонымен қатар ағаштар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, автоматты суару жүйесі іске қосылды, асфальт пен кеспе тас төселді.

«Бұрын бұл аумақтан тек өтіп қана кететінбіз, ал қазір нағыз серуендеуге лайықты орынға айналды. Балалармен қыдыруға өте ыңғайлы, кешкі уақытта да серуендеу қолайлы — жарық, таза әрі қауіпсіз. Үйдің жанынан осындай демалыс орындарының ашылғаны қуантады», — деді аудан тұрғындарының бірі.

