STEPPENEWS.KZ: Алматы облысында әйелін үнемі мазалап, психологиялық қысым көрсеткен кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот ер адамның әрекетін заңсыз қудалау деп танып, оған 25 тәулікке қамау жазасын кесті.
Қарасай аудандық сотының мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап құқық бұзушы жәбірленушімен байланыс орнатуға үздіксіз әрекеттенген. Ол WhatsApp пен Telegram мессенджерлері арқылы тоқтаусыз қоңырау шалып, хабарламалар жазған. Әйел оны барлық жерде бұғаттағаннан кейін, ер адам банк қосымшасын пайдалануға көшкен. Ол әйелдің шотына жиі ұсақ ақша аударымдарын жасап, төлемге берілетін түсініктемелер арқылы өз сөздерін жеткізіп отырған.
Мұндай мазасыз әрекеттер әйелдің өмір сүру сапасына айтарлықтай нұқсан келтірді. Жәбірленуші үнемі қорқыныш пен үрей үстінде жүргенін, соның салдарынан ұйқысы бұзылып, психологиялық күйзеліске түскенін айтқан. Сот бұл жағдайларды ескере келе, ер адамның әрекетін сталкинг ретінде бағалады. Қазіргі уақытта сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

