STEPPENEWS.KZ: Алматылық балуан Жәмилә Бақбергенова Албанияда өткен халықаралық рейтингтік турнирде алтын медаль жеңіп алды.
Ол Тирана қаласында ұйымдастырылған әйелдер күресінен бәсекеде 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Алматы қаласы Спорт басқармасының мәліметінше, финалда қазақстандық спортшы Қырғызстан өкілі Нұрзат Нұртаеваны 14:3 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, турнир чемпионы атанды.

Финалға дейін Жәмилә Бақбергенова жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Алғашқы айналымда польшалық Виктория Чолуйді 4:3 есебімен жеңсе, кейін 2023 жылғы әлем чемпионы және 2024 жылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Бусе Тосунды 6:1 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда үндістандық Дикша Маликті 10:0 есебімен мерзімінен бұрын ұтты.
Осылайша, Жәмилә Бақбергенова Қазақстан құрамасының қоржынына халықаралық рейтингтік турнирдің алтын медалін салды.

