Ақтөбеде мас жолаушылар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әуе рейсінен түсірілді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл оқиға Ақтөбе қаласының әуежайында орын алды.
«Көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері әуе компаниясының өкілі толтырған акт негізінде Ақтөбе – Алматы бағытындағы рейстен 33 және 51 жастағы Алматы қаласының екі тұрғынын түсірді», — деп жазылған хабарламада.
Тексеру барысында жолаушылардың рейске тіркеу кезінде мас болғаны, агрессивті мінез-құлық танытқаны және балағат сөздер айтқаны анықталды.
Құқық бұзушылар қоғамдық орынға мас болып келу және ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартылды. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Көліктегі ПД азаматтарды қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау үшін әуе кемелерінде және қоғамдық орындарда тәртіпті бұзбауға шақырды.
Айта кетері, жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті әуе кемелерінде жасалған 508 құқық бұзушылықты анықтады. Ең көп тараған құқық бұзушылықтар алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру — 313 факт, ұшақ бортында темекі шегу — 131 факт, ұсақ бұзақылық — 32 факт және басқа да құқық бұзушылықтар.

