STEPPENEWS.KZ: «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қала тұрғындары мен қонақтарына Жаңа жыл мерекелері қарсаңында демалыс күндері өтетін жәрмеңкелердің жұмыс тәртібі туралы еске салады. Осы аптада Әуезов және Бостандық аудандарындағы жәрмеңкелер кеңейтілген форматта — жұма, сенбі және жексенбі күндері жұмыс істейді.

Кеңейтілген кесте аясында тұрғындар сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін 1 000-нан астам тауар түрін, оның ішінде жаңа піскен көкөністер мен жеміс-жидектерді, ет және сүт өнімдерін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып ала алады. Бұл мерекелік дайындық кезеңінде аса өзекті.
Қаланың басқа аудандарында демалыс күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкелер әдеттегі екі күндік жұмыс режимін сақтайды. Жәрмеңкелер келесі мекенжайларда өтеді:
-
Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
-
Бостандық ауданы — «Қазақфильм» шағынауданы (әл-Фараби даңғылынан жоғары);
-
Алмалы ауданы — Масанчи көшесі (Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы);
-
Алмалы ауданы — Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысы;
-
Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары — Бектұров көшесі;
-
Жетісу ауданы — Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.

Апта сайын демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге шамамен 50 мыңға жуық адам келеді. Сауда алаңдарында 328 фермер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші өз тауарларын ұсынады.
Жыл басынан бері жәрмеңкелер арқылы жалпы көлемі 9 мың тоннаға жуық азық-түлік өнімі сатылды.

