STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында қоғамдық көлік жүргізушілеріне қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта қалада демалыс бөлмелерімен жабдықталған 20 тоқтау-бұрылу алаңын салу жоспарланған.
Қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, аталған алаңдар автобустардың жол жиегінде ұзақ уақыт тоқтап тұруының алдын алып, жүргізушілерге толыққанды демалуға мүмкіндік береді. Бұл жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен қозғалыс тәртібін жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Қазіргі таңда Көктөбе шағынауданында екі маршрутқа қызмет көрсететін, күн сайын 47 автобус шығатын соңғы аялдама ретіндегі тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы толық аяқталған. Нысан аумағында асфальтбетон жабыны төселіп, сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылған. Сонымен қатар, жалпы аумағы 49 шаршы метрді құрайтын, тамақтану аймағы мен санитарлық-гигиеналық бөлмесі бар жүргізушілерге арналған модульдік демалыс ғимараты қарастырылған.

Биыл қала аумағында тағы үш тоқтау-бұрылу алаңы пайдалануға берілмек. Ал қалған 16 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталған. Қалалық билік бұл жобалар қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға және жүргізушілердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталғанын атап өтеді.

