Әлеуметтік желіде Алматыда белгісіз жас жігіттің күтпеген жерден ер адамға жұдырық жұмсағаны жайлы видео тарады.
«Оқырмандарымыз Алматыда жасырын және күтпеген жерден адамдарға жұдырық ала жүгірген жас жігітті байқап қалғанын хабарлады. Жәбірленуші Алмалы аудандық полиция басқармасына арызданған», — делінген хабарламада.
Видеодан екі жігіттің жанжалдасып жатқанын, содан кейін үшінші жігіт оларға жақындап, біреуін бір ұрып құлатып, кетіп қалғанын көруге болады.
«Жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, ұсталды. Олардың әрекетіне заңға сәйкес жан-жақты құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
Полиция кез келген дау тек заң жолымен шешілуі керек екенін атап өтті.
«Біз азаматтарды эмоцияға берілмеуге және ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын төбелесті бастамауға шақырамыз. Әрбір адам заңсыз әрекеті үшін жауап береді», — деп атап өтті Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.